Сіздерді ресми өз блогымда қарсы алғаныма қуаныштымын. Өздеріңізбен тұрақты түрде жүйелі байланыста болып, ұсыныс-пікірлеріңізді оқып, көзқарасыммен бөлісемін. Орналасатын ақпараттар Абай ауданы туралы толығырақ білуге мүмкіндік береді деген сенімдемін. Сіздердің қолдауларыңыз ауданның дамуына арқашанда демеу болады екені сөзсіз. Ой-жоспарларыңыздың іске асуына тілектеспін!
Абаттандыру жұмыстары жалғасын табуда…

Пікірлер (0)
Құрметті жерлестер! Қадірменді соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері!

Құрметті жерлестер!
Қадірменді соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері!

Сіздерді Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңіс күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз.
Тәуелсіздігімізді тұғырлы да ғұмырлы ету, елдің өркендеуін одан әрі дамыту үшін ең маңызды нәрсе – Отанымыздың амандығы.
Қаншама жылдар өтсе де, маңызын жоғалтпайтын оқиғалар бар. Осындай мәңгі ұмытылмас тарихи сәттің бірі – 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні. Отан үшін от кешкен ағаларымыздың ерлігі қазіргі буынға үлгі-өнеге. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран» – деген қанатты сөз.
Жеңіс күнінен кейін қаншама жылдар өтсе де, біз Отанының шынайы патриоты, антына адал, сертіне берік, ержүректілік пен қаһармандық танытып, майдан даласында мәңгілікке көз жұмған батырларға бас иеміз. Жауына жасындай тиіп, шабуылға шыққандарды, партизан қозғалысына қатысушыларды, тынымсыз тыл еңбеккерлерін мақтан тұтамыз.
«Біз – жеңімпаз ұрпақтың жалғасымыз» деп Елбасымыз айтқандай, отан үшін от кешкен бабалардың батырлығы – Тәуелсіз мемлекетіміздің келешегі жас ұрпақты отансүйгіштік пен қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуде өшпес өнеге. Аға ұрпақтың ерлігі ескірмейді.
Отан қорғау – қашанда қасиетті де қастерлі ұғым болған.
«Ер – елінің қорғаны» деп бағалаған дана халқымыз ержүрек жандардың істеріне сай сый-құрмет көрсетіп келеді.
Аға ұрпақ ерлігін лайықты деңгейде жалғастырушы Тәуелсіз еліміздің отанқорғаушылары еліміздің амандығын, жеріміздің тыныштығын, шекараның беріктігін күзетуде жанқиярлықпен еңбек етуде. Олардың еңбегі бүгінгі жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру ісінде маңызы ерекше.
Батырлық пен ерліктің, шыдамдылық пен төзімділіктің мерекесі болған – Отан қорғаушы және Ұлы Жеңіс күні мерекелерінде Сіздерге мықты денсаулық, бақыт пен татулық, әрбір шаңыраққа ырыс-береке тілейміз! Ержүрек ерлеріміздің бұл мерекесі елімізге әрдайым қуаныш пен бейбіт күн әкелсін. Аспанымыз ашық, бейбіт өміріміз баянды болсын!

Пікірлер (0)
Құрметті жерлестер!

Құрметті жерлестер!

Сіздерді шуақты мереке 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Жыл сайын осы күнді біртұтас халқымыз бекем ынтымақтың ырыс-несібесін еселеген игі дәстүрді жаңғыртар ерекше мейрам ретінде ұйымшылдықпен, ауызбіршілікпен атап өтеді. Атаулы мерекеде Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, бейбітшілік пен достық қарым-қатынаста өмір сүріп жатқандығын мерейлене тойлауда.
«Бірлік болмай тірлік болмас» деген қай заманда да, қай қоғамда да мәнін жоймайтын өнегелі өсиетті мемлекеттік саясаттың мықты бір қағидасы ете білген қазақ халқы тәуелсіздік тұғырын нығайтуда осы табанды ұстаным арқылы ұлтаралық татулыққа ұйытқы бола білді. Қазақстандық қоғамда орныққан тұрақтылық пен төзімділік, адамгершілік асыл қасиеттер ортақ мақсат жолында ізгі армандардың асуын бағындыруға күш беріп, дамудың жаңа дәуіріне жол ашты.
Келісім мен тұрақтылық – ел өркендеуі мен адамдарымыздың жарқын болашаққа деген берік сенімінің қайнар көзі.
Бүгінде аудан халқы Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне ұйымшылдықпен, ынтымағы жарасып келіп отыр. Алдағы басты мақсат – ауылдарымызды көркейту, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын одан әрі жақсарту, атқарылған игілікті істерді тиімді жалғастыру.
«Берекелі болса ел, жағасы жайлау ол бір көл» деген ұлы Абай сөзін берік ұстанып, жаңа межелерді бағындыруда ұйымшылдықпен еңбек етейік.
Баршаңызға мерекелік көңіл күй, жанұялық бақыт, ырыс, ынтымақ, игілік тілейміз!

Пікірлер (0)
Құрметті жерлестер!

Құрметті жерлестер!

Сіздерді жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болып табылатын Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті» қыры атты мақаласында айқындалған ұлы мақсаттарға жетуде ұлт пен ұлысты бір мақсатқа ұйыстыратын, бір мүддеге тоғыстыратын, ұлттық салт-санамызды жаңғыртатын – Әз Наурыз мерекесі.
Тәуелсіздікті ту етіп, елді бірлік пен ынтымаққа, адамгер¬шілік пен имандылыққа үндей¬тін жыл бастауы – Наурыз мейрамының татулығы жарасқан еліміз үшін маңызы ерекше. Бүкіл жаратылыс атаулы асыға күтетін бұл күн жыл сайын берекесі жарасқан Абай елінің жетістікке деген үйлесімді ұмтылысын арттырып, баянды болашаққа нық сеніммен жетелейді.
Тамырын тереңнен тартқан осынау көктемнің жаңару мерекесі бірлігімізді бекемдеп, татулығымызды нығайтып, риясыз куанышқа кенелте берсін. Ұлтымыздың мерейін асқақтатып, бар болмысымызды айшықтай түсетін Әз Наурыз – дамудың даңғыл жолымен жүріп келе жатқан елімізге жаңа жетістіктер әкелсін.
Ардақты ағайын!
Мерейлі мерекеге орай Сіздерге мықты денсаулық, жемісті еңбек, әр шаңыраққа ынтымақ пен шаттық, бақыт пен молшылық тілейміз. Асыл армандарыңыз бен ақ тілектеріңіз орындалсын.
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

Пікірлер (0)
Ардақты әжелер, асыл аналар, аяулы арулар!

Ардақты әжелер, асыл аналар, аяулы арулар!

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні – шуақты көктемнің ең ізгі, мейірім мен сүйіспеншілікке толы мерекесі. Сіздерді төл мерекелереңізбен шын жүректен құттықтаймыз!
Аяулы аналардың нәзік жүрегі сүйген жарына, перзентіне, туған жері мен Отанына деген махаббатқа толы. Тіршілік атаулыға мағына, мән беріп, дүниені әсемдік беріп тұрған арулардың жүрегіндегі сол ізгі сезімдер. Сол үшін біз оларды ерекше құрметтейміз.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қайырымдылық атаулының бәрі де ананың ақ сүтінен таралады. Қоғамның даму барысын өмірде нәзік, көңілде биік, ал істе мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес» деген дана сөзі үнемі жадымызда сақталып тұрады.
Қазақ әйелі – ең әуелі, ардақты ана, отбасының сақтаушысы болып отыр. Ол дүниеге әкелген перзенттеріне тәлім-тәрбие беру жолында жан жылуымен жүректегі мейірімін аяған емес. Балалар біздің болашағымыз десек, аналарымыз сол жас ұрпақтың бойына адалдық, шыншылдық, адамгершілік, имандылық пен отансүйгіштік деген асыл қасиеттерді дарытып жүр.
Ауданымызда өмірге ұрпақ әкеліп, оларды тәрбиелеп өсіруде үлгі-өнеге болып жүрген алтын құрсақты аналар жеткілікті. Халықтың демографиялық өсуіне өлшеусіз үлес қосқан алтын құрсақты аналар – ұлт байлығы. Ауданымыздағы сәби жүректерге әлемнің жарығын сыйлаған 800-ден астам «Алтын алқалы», «Күміс алқалы» батыр аналарымызға және көп балалы аналарға басымызды иеміз.
«Қыз өссе елдің көркі» деген дана халқымыз қыз баланы ерекше құрметтеп, әрқашан төрден орын берген. Қазақ қызы қашан да сұлулығымен, даналығымен ғана емес, ерлігі және қайсарлығымен дараланған. Қазір де еліміздің өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп жүрген арулар баршылық. Біздің қоғамымызда әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол мемлекеттік қызмет пен қоғамдық істе де, кәсіпкерлік пен тәлімгерлікте де тамаша табыстарға қол жеткізе отырып, саяси мәселелерге белсене араласатын қоғам мүшесі. Сондықтан елімізде әйел адамның әлеуметтік қорғалуына, олардың өмір сүру деңгейін арттыруға айрықша мән беріледі.
Қымбатты аналар!
Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасылық бақыт пен қызметтеріңізге сәттілік тілейміз!
Жүздеріңізден күлкі, көңілдеріңізден қуаныш кетпесін!

Пікірлер (0)
Қадірлі жерлестер!

Қадірлі жерлестер!

Сіздерді көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген «1 наурыз – Алғыс айту күнімен» шын жүректен құттықтаймыз!
Бұл күн – бұл ең алдымен, елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні.
Алғыс айту күнін мерекелеу «Мәңгілік Ел» идеясын, қазақстандық біртектілік пен ел бірлігін, ортақ тарихымызды нығайту мен дамытудағы қазақстандық құндылықтарды бейнелейді.
Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзым белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді. Бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды.
Күрделі заманды иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасының басшылығымен Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтарына алғысымдызды білдіреміз!
Құрметті аудан тұрғындары!
Қазақстан халқын мәңгілікке біріктіруге бағытталған еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын бүгінгі мереке құтты болсын!
Мәңгілік татулығымыз берекелі де, баянды, еліміздегі бірліктің көкжиегі кеңейе берсін. Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілейміз! Мереке құтты болсын!

Пікірлер (0)
Құрметті қауым! Қымбатты Ауған соғысының ардагерлері!

Құрметті қауым!
Қымбатты Ауған соғысының ардагерлері!

Бүгінгі 15 ақпан Ауған соғысы ардагерлерi үшiн естен кетпес күн. Өйткені, осыдан 30 жыл бұрын, 1989 жылдың 15 ақпанында әлемді билеуші державалардың саяси текетірес алаңына айналып, соңы он жылға созылған соғысқа ұласқан Ауған жерінен кеңес әскерлері шығарылды.
Елбасы Н.Ә.Назрбаевтың ауған соғысы туралы «Ауған соғысында қыруар қаржы шығындалды, мыңдаған өмір қиылды, бәрібір Кеңес әскеріне бұл елді тастап шығуға тура келді. Халық үшін бұдан асқан қасірет бар ма?»- деген сөзі әркімді сөзсіз ойлантады.
Он жылға созылған жаряланбаған беймәлім бұл соғыс айтып келмес апат болды.
Талай аналар балаларынан айырылып, талай боздақтар алыстағы Ауған даласында қаза тапты.
Ауғанстандағы арпалыс соғысқа 22 мың Қазақстандық жауынгер қатысса, олардың 761-і қаза тауып, 21 хабарсыз кеткен.
Бір қиырдағы Абай елінен сол қырғын соғысқа Кеңес Армиясы қатарында азаматтық борышын өтеуге шақырылған 32 азамат қатысса, оның ішінде Нұғымаров Қуаныш, Бұлақбаев Төлеген, Нұрғалиев Мейрам сынды жас қырандар қыршын жасында соғыстың құрбаны болды.
Қалған Абайлық азаматтар елге аман есен оралып, жанұя құрып, ел үшін еңбек етті.
Бүгінгі күнге жете алмай, соғыс салған жарадан айыға алмай өмірден ерте өткен Иембердин Айтуған, Темірханов Мағауия, Нұрғалиев Амангелді, Мұқышев Айнұр сынды Ауған соғысының ардагерлерінің есімін де бүгінгі күні зор құрметпен еске аламыз.
Осынау ерлікке толы Күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек.
Жыл сайын мәңгілік алау басына келіп, қарулас достарына, майдандас бауырларына тағзым жасайтын ардагерлеріміздің қатары сиреп бара жатқаны өкінішті. Майданда да, бейбіт еңбекте де өмірі ұрпаққа өнеге болған, бүгінгі ортамызда жүрген Ауған соғысы ардагерлердің өмірі – бүгінгі ұрпақ үшін өшпейтін өнеге.
Аудан жастары арасында әскери-патриоттық тәрбие беру мен Отанға адал қызмет етуде үлгі болған Ауған соғысына қатысқан интернационалист-жауынгерлерге, батылдықтың үлгісі болған жерлестерімізге үлкен ризашылық білдіреміз.
Ардақты әлеумет, қадірменді ағайын! Аспанымыз ашық, заманымыз бейбіт болсын!
Ата-бабаларымыз жанқиярлық ерлікпен қорғаған ата-мекенімізді адал еңбекпен көркейте берейік!
Ардагер жерлестерімізге зор денсаулық, отбасылық бақыт, еңбекте табыс, ұрпақ қызығын көріп, қуаныш-қызықтарыңыз әрдайым мол болсын деймін! Сіздерді Ауған жерінен Кеңес әскерлері шығарылуының 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын.

Пікірлер (0)
Қоғамдық кеңесте аудан әкімі есеп берді

Қоғамдық кеңесте аудан әкімі есеп берді
Қаңтар айының 30 күні аудандық әкімдікте қоғамдық кеңес отырысы өтті. Күн тәртібіне қойылған мәселелер қаралып, 2018 жылға қорытынды жасалды.
Басқосуды аудандық коғамдық кеңестің төрағасы Төлеубек Аманғазин ашып беріп, сөз тізгінін бірінші кезекте аудан әкімі Жарқынбек Байсабыровқа ұсынды.
Аудан әкімі бұл уақытқа дейін барлық ауылдық округтерде, сондай-ақ, аудан орталығында қорытынды есебін берген болатын. Бүгінгі отырыста қоғамдық кеңес мүшелері алдында аудан әкімі есептік баяндамасын қайталап оқудан гөрі, нақты жұмыстарын басшылықққа ала отырып, өткен жылға қорытынды жасап, келер жылы жоспарланған шаралар жайын талқылады. Баспасөз бетіне жарияланған аудан әкімінің жылдық баяндамасы негізінде сауалдарын жолдаған кеңес мүшелері тиісті жауаптарын да алып жатты.
Есеп соңында қоғамдық кеңес мүшелері аудан әкімінің жұмысына оң бағасын беріп, мемлекеттік қызметтегі ісіне сәттілік тіледі.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша Қарауыл ауылдық округ әкімі М.Смағұловтың өткен жылға толығымен игерілген бюджет шешімдері қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында күші жойылды.
Келесіде сөз алған Абай аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Р.Ахметова өткен жылға қорытынды жасап, есептік баяндамасын ортаға ұсынды. Бүгінде атауы жиі өзгеретін қоғамдық денсаулық сақтау мекемесі бойынша атқарылған жұмыстар айтарлықтай екен.
Десе де нақты қадағалаудың нәтижесінде талапқа сай емес жұмыстар жиі көрініс табатындығын жасырмаған Роза Ахметова өз сөзінде әсіресе мектеп, бала бақша мекемелерінің асханаларындағы балаларға берілетін тағамдардың сапасы талапқа сай еместігін жеткізді. Өз кезектерінде кеңес мүшелері дүкен сөрелерінен мерзімі өткен, бұзылған өнімдер де байқалып жататындықтарын айтып ой бөлісті. Кеңес мүшелері алдында жылдық жұмысына қорытынды жасаған мекеме басшысы атқарылған жұмыстарына осылайша кеңінен тоқталды. Қоғамдық кеңес мүшелері тиісті сауалдарын жолдап, жиын соңында Абай аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Р.Ахметованың тыңғылықты ісіне қанағаттанарлық деген баға берді.

Пікірлер (0)
ЖАРҚЫНБЕК БОРАШҰЛЫ: АБАЙ ЕЛІНЕ КЕЛІП ТӘЖІРИБЕ ЖИНАДЫМ, ШЫҢДАЛДЫМ.

ЖАРҚЫНБЕК БОРАШҰЛЫ:

АБАЙ ЕЛІНЕ КЕЛІП ТӘЖІРИБЕ ЖИНАДЫМ, ШЫҢДАЛДЫМ.

Шыңғыстау шығыстан батысқа қарай шөккен түйедей көлбей түсіп, екі жүз шақырымға созылып жатыр. Бір жағы Ақшатау сілемдері арқылы атақты Тарбағатай тауларымен, бір жағы Абыралы тауларымен астасып, Дегелең, Мыржыққа құлап, тамырын тереңге жайған іргесі ырысты, топырағы құтты ел. Ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы мүжілген Шыңғыстау атырабындағы Абай елі – бүгінде түтінін түзу ұшырып, мыңғыртып мал өсіріп, ел несібесін, халық ырыздығын арттырып, ақ түтек боран мен ақырған аязға, аптап ыстық пен күздің қара суығына қарамай, тамшылата тер төгіп, сол еңбектерінің жемісін теріп отырған аудан.
Уақыт жылдам. Міне, тағы да бір жылдың табалдырығынан аттап отырмыз. Жаңа 2019 жылға зор үмітпен қараймыз. Өткен 2018 жыл Абай ауданы үшін табысты да берекелі жылдардың бірі болды. Өткен жылға абайлықтардың өкпесі жоқ, 2019 жылдан күтері көп. Қат-қабат қарбалас шаруалармен ат үстінде бел шешпей жүрген аудан әкімі Жарқынбек Байсабыровпен жаңа жылдың алғашқы күндерінің бірінде сұхбаттасудың сәті түскен еді .

– Жарқынбек Борашұлы, Сіздің қасиетті Абай еліне әкім болып тағайындалып, қазақтың небір даналарын дүниеге әкелген текті топыраққа басшылық жасағаныңызға да бір жылдан артық уақыт өтіпті. Абай елі қандай ел екен? Елмен етене араласып, жердің жай-күйімен тереңірек танысқан осы уақытта қандай ой түйдіңіз? Өмірдің әр сәті мектеп десек, Абай елінде өзіңізге сабақ боларлықтай сәттер кездесті ме екен?

– «Абай елі – ақындар мен батырлар елі» деп бекерден-бекер айтылмаған. Қазақтың үш алыбы – Абай, Шәкәрім, Мұхтар туған елде әкім болу – зор жауапкершілік. Президентіміз Н.Назарбаевтың Абай рухына тәу етуі, Елбасымызға от ауызды, орақ тілді ақын Шәкір Әбеновтің тұңғыш бата беруі Абай елінің мәртебесі мен абыройын көрсетеді. «Нені де болса елмен бірге көтеремін, елмен бірге төземін, елмен бірге жеңемін» деген Елбасымыздың асыл сөзі Абай елінде алдымнан шықты. Абайлықтардың қасиеті мен елдігі, азаматтардың қарапайымдылығы мен шешендігі бірден көңіліме қонды. Арада бір жыл өте шықты. Өткен жылға өзімнің де, абайлықтардың да өкпесі жоқ. Тәжірибе жинадым. Шыңдалдым. Елімнің іргетасы ырысты, босағасы құтты болды. Еңбегіміз жанып, 2019 жылдың табалдырығын көтеріңкі көңіл-күймен аттадық. Бұл жай құрғақ сөз емес. Мал өсіріп, бейнеттің зейнетін көріп отырған абайлықтар қазақтың бас ақынының ұрпақтары екендігін мақтан тұтады.
Ұлттық мүдде мен «Рухани жаңғыру» аясынан қараған кезде Абай елінің руханият меккесі екендігі көзге бірден түседі. Бұл елге ақынның ұрпақтары деп бас иеді. Осы үрдістің сақталуына аудан әкімі ретінде мен де жауаптымын. Елбасымыздың «Абай – қазақ халқының рухани көсемі» деген сөзі қашанда менің жүрегімде тұрады. Президентіміз осындай жоғары баға беріп, сара жолды көрсетіп отырған шақта Абай елінің екінші тынысы ашылды. Ел жаңғырды, рух оянды, халықтың әл-ауқаты артты. Ұлттық ұранымызға айналды. Президенттің Жолдаулары мен облыс әкімінің тапсырмаларын орындау, халықты бір мақсат, бір мүддеге жұмылдыру – басты мақсатым. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Қашанда халықпен біргеміз.

– Жарқынбек Борашұлы, Елбасымыз Н.Назарбаев рухани жаңғыруды ұлт болашағының негізі деп ерекше назарда ұстап отыр. Абай елінде Президент тапсырмалары қалай орындалуда? Ауданның 2018 жылы қол жеткізген табыстары мен игілікті істерін түйіндеп, тарқатып берсеңіз…

– Әрбір істің, меже мен жоспардың, ой мен арманның кілті болады. Меніңше, ол кілт Елбасымыз Н.Назарбаевтың көрегендік қасиеттері мен сарабдал саясатында жатыр. Еліміз тыныш, іргеміз берік. «Қуана білгенге қуат қонады, бағалай білгенге бақ қонады» дегеніміз де осы.
Президентіміздің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» және «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауларын басшылыққа алған Абай ауданының халқы 2018 жылды табысты аяқтады. Жыл ерекше жыл болды. Халықтың рухы өсті. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарды. Халық Абай, Шәкәрім әлемдеріне терең бойлады. Нәр алды, қуаттанды.
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы – Тәуелсіз еліміздің дамуының жарқын үлгісі мен болашаққа бағдар беретін нақты қадамдарын белгілеген салмақты ой, салиқалы пікірге негізделген маңызды құжат. Аталған мақала сананы жаңғырту, болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, осы құндылықтарды әлемдік жетістіктермен үйлестіріп, еліміздің игілігіне жарату жолындағы үлкен мақсаттарды межелеп отыр. Ал бұл орайда қазақтың Бас ақынының еліне жүктелер жауапкершілік ерекше деп есептеймін. Аталған бағдарламалық мақаланы басшылыққа алған Абай ауданы әкімдігі мен Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті бірлесіп «Абай елі – руханият меккесі» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырды. Шәкәрім Құдайбердіұлының 160, Абай елінің 90, Астанамыздың 20 жылдығын тұтас қамтыған мерекелік шаралар да осы тақырыпта өтті. Барша қазақ баласы үшін баға жетпес құндылығымыздың бірі және бірегейі Ұлы ақынның елінде осындай іс-шараларды ұйымдастырудың мақсаты – барымызды, рухани құндылықтарымызды бағалай білуге атсалысу. Осы сияқты іс-шаралар халықтың бірлігін сақтауға, ұрпақтар үндестігін нығайтуға қызмет етеді деп ойлаймын. Бүгінгідей экономикалық тұрғыдан құбылмалы заманда әрбір азаматтың бәсекеге қабілеттілігіне және жұмылуына міндетті түрде қол жеткізуге үлес қосады деген сенімдемін. Әрине, Тәуелсіздігін алған ширек ғасырдан астам уақытта еліміз бағдарын түзеп, бағытын айқындап, тұғырын тұрақты етіп, тамырын тереңге жая түсті. Осы жетістіктерге үлес қосу – әр өңір тұрғындарының борышы.
«Тарихы – дастан, елім бар мерейі асқан» тақырыбымен өткен аудан көркемөнерпаздарының өнер байқауына 9 ауылдық округ пен 4 мекемеден 1500-ден астам өнерпаз қатысты. Абай еліндегі өнерімен танымал «Қаламқас» халық ансамблі Семей, Курчатов қалаларында есептік концерт берді. Жидебайдағы Абай – Шәкәрім кесенесі мен Тоқтамыс ауылындағы Қоңыр әулие үңгірі республикамыздағы 100 киелі елді мекеннің тізіміне енді. «Қарты бар ел – қазынасы бар ел» деген қағиданы басшылыққа алып, мүмкіндігімше ел тағдырына, жер жағдайына қатысты мәселелерде ардагер ағаларымызбен ақылдасып отырғанды дұрыс санаймын. Абай елінің әр қариясы нағыз шежіренің көзі деп айтуға болатын шығар. Қарттарымызбен бас қосып, жүздесіп тұру мақсатында ауданда Ардагерлер орталығы ашылып, жергілікті бюджеттен қаражат жоспарланды.
Аудан орталығы Қарауыл ауылы қайта түледі. Абай алаңы ашылып, Ұлы ақынның еңселі ескерткіші қоладан құйылды. Шәкәрім алаңы қалыпқа келтірілді. Абай ескерткішінің ашылу салтанатына облыс әкімі Даниал Ахметов, қоғам қайраткерлері мен ақын-жазушылар келді. Ауданда атқарылған игі істерге оң бағасын берді. Орталық алаң жергілікті бюджеттен қаржыландырылып, жаңартылды, Абай алаңы ашылды. Осы жерде айта кеткен орынды болар, Абай ескерткішінің қаржысының үлкен көлемін аудан халқы көтеріп алды. Бұл да киелі топырақ тұрғындарының тектілігінің белгісі деп есептеймін. Мәдениет және өнерді дамытуды қолдауға бағытталған «Парыз» қорына 25 млн-нан астам қаражат түсті. Оның 15 млн. теңгесі Абай ескерткішіне, қалған ақша тойды өткізу шараларына жұмсалды.
Абай ескерткіші мен заманауи жүзу бассейнінің лентасын Даниал Кенжетайұлы мен той қонақтары қиды. Аудан орталығында жаңа субұрқақ іске қосылды. Бізді Абай ауданының топырағында дүниеге келген перзенттерінің де игілікті істерден шет қалмайтыны қуантады. Мысалы, «Туған жер» акциясы аясында ауданда 72 млн. 290 мың теңгенің 22 жобасы іске асырылды. Атап айтқанда, қазақ күресінен екі дүркін әлем чемпионы Айбек Нұғымаровтың демеушілігімен Құндызды ауылында жаңа спорт кешені салынды. Ауданда бұқаралық спортпен 4480 адам айналысады. Бұл жалпы халық санының 30,7 пайызын құрайды. Спорт модулі, «Шыңғыстау» спорт кешені, 11 спорт залы, 12 шағын футбол алаңы, 11 хоккей корты халықтың игілігінде. Аудан спортшылары екі жыл қатарынан Шығыс Қазақстан облысы әкімінің жүлдесі үшін өткен халықтық спорт ойындарында жүлделі үшінші орыннан түспей келеді. 1 аудандық, 3 ауылдық мәдениет үйі, 4 ауылдық клуб, 4 халық театры, 2 халық ән-би ансамблі жұмыс жасайды. Бұл салада 118 адам еңбек етеді. Өткен жылы 780 мәдени-көпшілік іс-шара өтті. Бұл шаралардың басым көпшілігі рухани жаңғыру, ұлтымыздың озық үлгісін ұрпақ санасына сіңіру сияқты өміршең мақсаттарға негізделгенін айта кеткен жөн болар.
Жерлесіміз, ақын Тыныштықбек Әбдікәкімов ҚР Президентінің Жарлығымен әдебиет және өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Жақында ақынға туған жерінде құрмет көрсетіліп, Абай ауданының Құрметті азаматы атағы берілді.
Ауданда 11 мектеп бар. ҰБТ бойынша ауданның білім сапасының орташа көрсеткіші 97,8 балл. 2016-2017 оқу жылымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 15,9 балға артық. Аудан бойынша оқушылар 100 пайыз ыстық тамақпен қамтылған. Медицина саласында 1 орталық аурухана, 1 кеңес-диагностикалық емхана, алғашқы санитарлық медициналық көмек көрсету орталығы, 7 дәрігерлік амбулатория, 2 медициналық пункт бар. «Абай елі» атты Абай елінің жаңа әні дүниеге келді. Сөзін белгілі ақын Жұлдызай Ысқақ жазса, әні ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, әнші жерлесіміз Гүлмира Саринанікі. Абай елінде тұсауы кесілген ән Гүлмира Саринаның орындауында республикамызға кеңінен тарап отыр.
Абай орталық алаңы тұтастай өзгерді. Тәуелсіздігіміздің символы, салт-дәстүріміздің қайнар көзі ұлттық шаңырақ пішініндегі сахна бой көтерді. Шаңырақтың керегесі мен уығы алтын реңге боялып, еңсесі биіктеп, елдің елдігін, ырысы мен береке-бірлігін паш етіп тұр. Қазір аудандағы мерекелік, салтанатты шаралар осы шаңырақ – сахнаның аясында өтеді.
Шәкәрім толғаныстары мен Абайдың қара сөздері жүрегіме тым жақын. Шәкәрім Құдайбердіұлының атына Өскемен қаласынан бір көшенің берілуін біздің аудан халқы үлкен қуанышпен қабылдады. Облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының тікелей қолдауымен «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында ұлылар мекеніне баратын жолға 2 млрд. 487 млн. теңге бөлініп, 128,8 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл – облыс әкімінің Абай еліне деген құрметінің айғағы.

– Жарқынбек Борашұлы, Абай ауданы – ежелден ата кәсіпті жалғастырып, төрт түлікті өсіріп, нәсібін содан тауып отырған өңір. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қозғаушы күші де осы сала. Өткен жыл несімен есте қалды? Ауыл шаруашылығын алға бастырудың тың, жаңа жолдары бар ма? Бар болса, ол қалай жүзеге асуда?

– Ауылдағы ағайындардың да бүгінгі таңда кәсібін ашып, шаруашылығын дамытуға белсене кіріскенін байқаймыз. Абай ауданы халқының негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Бұл орайда жақсы көрсеткіште жоқ емес. 2018 жылы ауданда ауылшаруашылық өнімдерінінің жалпы шығарылымы 22158 млн. теңге, индексі 106 пайызды құрады. 601 шаруа қожалығы, 3441 жекеменшік қосалқы шаруашылықтар жұмыс істеді. Қолда 156335 бас қой-ешкі, 62135 МІҚ, 40918 бас жылқы, 162 түйе бар. Жылқы саны 114,2, ірі қара 119,2 пайызға көбейсе, қой-ешкінің өсімі 103,1 пайыз. Асыл тұқымды шаруашылықтардың саны 21. 14 шаруашылық қой тұқымын, 6 шаруашылық МІҚ, 1 шаруашылық жылқы тұқымын асылдандыру жұмысымен айналысуда. 155 шаруа қожалығы 1079 бас ет бағытындағы қазақтың ақбас асыл тұқымды малын сатып әкеліп, қолда күтуде. Мүйізді ірі қара малының тұқымдық түрлендіру бағдарламасына 15 мың аналық қатысып, аудан бойынша 52 пайызды қамтыды. Мүйізді ірі қара малының генетикалық әлеуетін арттыру мақсатында 63 шаруа қожалығы 128 бас ет бағытындағы қазақтың ақ басты асыл тұқымды бұқаларын және 591 бас асыл тұқымды тайыншалар сатып әкелді. Барлығы 719 бас. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 256,1 млн. теңге несие қаражатына жоспардағы 400 бастың орнына 407 бас аналық Ресейден сатылып алынды.
Соңғы жылдары қой малының басы азайып кеткендігі еліміздегі үлкен проблемалардың біріне айналды. «Сыбаға» бағдарламасы аясында қой сатып алуға 22 млн. теңге несие қаражатына 2 шаруашылықтан өтінім түсіп, 1 шаруашылық 10 млн. теңгеге 400 шопан ата түлігі сатылып алынды. 1 өтінім құжаттары қарастырылуда. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы «Игілік» бағдарламасы бойынша 29 өтінім қабылданып, 105 млн. теңге несие қаражаты игерілді. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 27 шаруа қожалығының 37 қыстағына 440 млн. 566 мың теңгенің электр желісі тартылды. Облыс әкімінің қолдауымен Қоңыр әулие үңгірі мен 7 шаруа қожалығына Тоқтамыс ауылдық округінен ұзындығы 28 шақырым электр желісін тартуға 48 млн. теңге қаржы бөлінді. Жобаның жалпы құны 150 млн. теңге. Қоңыр әулие үңгірінің басында 20 адамдық қонақ үйінің құрылысы басталды. Бұл істі жергілікті кәсіпкер Ораз Ақанұлы қолға алуда. Тау-кен өнеркәсібі саласында мыс өндіретін «БАСТ» АҚ жұмыс істейді. Кәсіпорында 160 адам жұмыспен қамтылған. Қой жүнінің алғашқы өңдеу жұмысын «Айым-Тасболат» кәсіпорны атқаруда. Өткен жылы 130 тонна жүн қабылданып, жуылып, 65 тонна таза өнім алынды. Мұнда 15 адам жұмыс істейді. Өндірістің қуаттылығы – тәулігіне 1 тонна. Жылдық қабылдау көлемі шексіз.
Ауданда мал шаруашылығын жаңаша жүргізу, мал бордақылау, сүт өндіру, мал сою цехтарын жаңа технологиялар бойынша жүргізу жүзеге асырылуда. Ауданда сүт сауу жұмысы бүгінгі күнге дейін ақсап келген-ді. Осы жұмысты кәсіпкер Қуат Өзбеханов қолға алып, Медеу ауылында «Айбар» тауарлы сүт сауу кешені мен жылқы бордақылау алаңын ашты. Мұнда 60 бас сиыр тұр. Биылғы оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап мектеп оқушылары өз өніміміз – табиғи сүт іше бастады және оқушыларға қосымша бал берілуде. Құндызды ауылында мүйізді ірі қара, жылқы бордақылайтын механикаландырылған Мырза батыр атындағы кешен қалыпты жұмыс жасауда. Иесі – кәсіпкер Махмут Мағауин деген азамат. Қоңыр әулие басында Ораз Ақанұлы «Хан» шаруашылығын құрып, жылқы, ірі қара малдарын бір орында бордақылап отыр. Мал шаруашылығын дамытуда ерекше рөл атқаратын жаңа, тың істерге қолдау көрсету – басты міндет. 2019 жылы барлық ауылдық округ әкімдері мал шаруашылығын өркендетудің жаңа тәсілдеріне көшіп, озық технологияларды өмір жүзіне асыруды қолға алмақ.

– Жарқынбек Борашұлы, қазақта «Ескі айда есірке, жаңа айда жарлықа» деген тәмсіл бар. Жаңа 2019 жыл Абай еліне не бермек? Алдағы жылға жоспарларыңыз қандай ?

– Бір ой ұйықтатпайды, бір ой ұстатпайды. Табалдырығымыздан аттап, төрімізге озған жаңа жылға артар үмітіміз көп. Біріншісі – мал шаруашылығын өркендетіп, оның өнімділігін арттыруда жаңа технологияларды қолдана отырып, жыл бойы қалыпты жұмыс жасау. Өйткені ауданның негізгі табыс көзі – мал шаруашылығы. Екіншісі – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы мәдени-көпшілік жұмыстардың сапасын көтеру. Мұның ішінде спорт та, білім де, медицина да, әлеуметтік сала да, мәдениет те бар.
Облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының қолдауымен Кеңгірбай би ауылында 100 орындық клуб үйінің құрылысы қолға алынды. Құрылысты 2019 жылдың қыркүйек айында аяқтау міндеті тұр. Қарауыл ауылында 300 орындық мектептің құрылысына жобалық-сметалық құжаттар жасалып, мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Қарауыл ауылына су құбырын жаңалау жұмысы да күн тәртібінде тұр. Қазір бұл істің жобалық-сметалық құжаттары әзірлену үстінде. Қоңыр әулие үңгірінің басында жаңа қонақ үйінің іргетасы құйылды. Мұның сыртында екі үлкен жатақхана, ас үй туристерге қызмет көрсетеді. Биыл ЮНЕСКО көлемінде белгілі сахна шебері Әмина Өмірзақованың 100 жылдық торқалы тойы аталып өтетін болса, Алаштан ән оздырған белгілі әнші Жәнібек Кәрменовтің туғанына 70 жыл толады. 2020 жылы ұлы Абайдың 175 жылдық тойы аталып өтпек. Оған дайындық жұмыстарын осы бастан қолға алу қажет. Аудан халқы тарихта өзіндік орны бар Тоқтамыс батырға ескерткіш қою жұмысын қолға алуда. Қазір осы мақсатта «Парыз» қоғамдық қоры жұмыс істеуде. Тас түскен жеріне ауыр. Осы мәдени шараларды өткізуге дайындық жұмыстары басталып кетті.

– Жарқынбек Борашұлы, жаңа 2019 жыл Абай елінің тайқазанын тасытып, береке-бірлікке бастасын! Еліңіз аман, жұртыңыз тыныш болсын!

– Рақмет! Жаңа жыл Алаш арыстарының ізі қалған, жүз жылдық тарихы бар «Семей таңы» газетінің ұжымына да шалқар шабыт әкелсін!

Сұхбатты жүргізген Совет МАХМЕТОВ,
«Семей таңы» газетінің Абай ауданындағы меншікті тілшісі,
КСРО және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Пікірлер (0)
Аудан әкімі Ж.Б.Байсабыров Қарауыл ауылдық округінде 2018 жылы атқарған жұмыстарының есебін берді.

Аудан әкімі Ж.Б.Байсабыров Қарауыл ауылдық округінде 2018 жылы атқарған жұмыстарының есебін берді.

Аудан әкімі Ж.Б.Байсабыров Қарауыл ауылдық округінде 2018 жылы атқарған жұмыстарының есебін берді.
Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан туындайтын міндеттерді және облыс әкімінің тапсырмаларын орындауда ағымдағы жылы ауданда біршама жұмыстар атқарылғандығы жөнінде баяндады.
Есеп беру кездесуінде бірқатар ұсыныстар айтылып, нақты тапсырмалар берілді.

Пікірлер (0)