Сіздерді ресми өз блогымда қарсы алғаныма қуаныштымын. Өздеріңізбен тұрақты түрде жүйелі байланыста болып, ұсыныс-пікірлеріңізді оқып, көзқарасыммен бөлісемін. Орналасатын ақпараттар Абай ауданы туралы толығырақ білуге мүмкіндік береді деген сенімдемін. Сіздердің қолдауларыңыз ауданның дамуына арқашанда демеу болады екені сөзсіз. Ой-жоспарларыңыздың іске асуына тілектеспін!
Құрметті аудан тұрғындары!

Сіздерді бүкіл мұсылман қауымның мүбәрак мерекесі – Құрбан айт мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!

Ислам діні – барлық істе салиқалылық пен сабырлылыққа үндейін ата дініміз. Ұлысты ұйыстыратын осы ұлағатты дінді өз ұлттық дәстүрімізбен үйлестіріп, ғасырлар бойы бекем ұстанып келеміз.

Құрбан айт – тәуелсіз еліміздің береке-бірлігін бекемдейтін, қанағат пен қайырымдылықты арттыратын мейрам. Құрбан айт –қоғамда бауырмалдық, бір-біріне жәрдемдесу, қол ұшын беру, рухани тұтастықты күшейтудің жолы.

«Мұсылмандар тілімен де, ісімен де ешкімге жамандық жасамайды» деген даналық сөз бар. Сонымен қатар, бұл мереке бір‑бірімен келіспеген ағайындарды табыстырып, кедейлерге, жетім‑жесірге көмектесіп, құрбандыққа шалған малдың етін соларға таратып, жақсылық жасауға үндейді.

Жарқын да мейірімді мерекеде сіздерге ынтымақ-бірлік, шаттық пен береке, еліміздің тәуелсіздігі баянды болуын және әр шаңыраққа көңіл жарасымы мен бақыт тілеймін!

Пікірлер (0)
Құрметті жерлестер!

Сіздерді Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығы және Абай ауданының құрылғанына 90 жыл толу мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ұлылардың мұрасы да, мұраты да атақ-даңқы да, мерейтойы да – кейінгіге үлгі. Ал үлгіге қарап ұрпақ өседі» деп атап көрсеткен болатын.

Шәкәрім Құдайбердіұлы – ақын, философ. Абаймен замандас әрі інісі, әрі ізбасары. Қазақ халқының шежіресін, ата дәстүр ұстанымын дала данышпандарының философиясын, адамзат баласына қажетті Ар ілімін жетілдірген қайраткер тұлға. Данышпан Шәкәрім шығармаларында келешегі кемел ел үшін тағылым аларлық рухани күш пен қайрат беретін нәрлі қайнар бар.

Биыл ауданымызда «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай, «Туған жер» акциясы аясында Ұлы Абай бабамызға туған жерге шын жанашыр азаматтардың, барша халықтың демеушілігімен заманауи ескерткіш орнатылды. Осы ескерткіштің бой көтеруіне қолдау танытқан ел азаматтарына, ел мен елдігіміз сыналар тұста жан-жүрегімен болысқан, еңбекке бел шеше араласып, атсалысқан барша аудан халқына алғыс білдіреміз! Абай баба ескерткіші – жас ұрпақтың рухани кемелденуіне шақыратын көрнекті орынға айналатынына сенім мол.

Сондай-ақ, облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметовтың тікелей қолдауымен облыс бойынша ешбір аудандарда жоқ, заманауи жүзу бассейні пайдалануға берілуде. Осынау әлеуметтік нысандар ауданның құрылғанына 90 жыл толу қуанышын еселер тарту болып отыр.

Абай ауданы – тарихи өңір. Бұл жерді дамыту, ауылдарды көркейту, сәулеті мен дәулетін арттыру – туған жерді аялау, абаттандыру, халқының тұрмыс деңгейін жақсарту – баршамыздың міндетіміз.

Қымбатты ағайын!

Абай елі – руханият Меккесі. Баба тойы – халық тойы. Баршаңызға мерекелік көңіл күй, береке бірлік, қуаныш-шаттық тілеймін. Ұлы бабаға деген құрметіміз арта берсін!

Баршаңызды ұлы Абайдың, кемеңгер Шәкәрімнің, ғұлама Мұхтардың рухы қолдай берсін!

Пікірлер (0)
Құрметті аудан тұрғындары!

Астан күні- жалпы республика халқы болып тойлайтын атаулы мейрам.

Елордамыз көркем келбетімен, сәулеті мен дәулеті жарасып, әлем халықтарын бірлікке, ынтымаққа шақырған мерейлі мекенге айналуы- егемен еліміздің, жеткен жетістіктеріміздің бірегейі.

Астанамыз өркендей берсін, елдігіміз мәңгі болсын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға береке тілеймін!

Пікірлер (0)
Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты жиын болып өтті

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты жиын және «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің мерекелік концерті 4 маусым күні аудандық мәдениет үйінде болып өтті.
Аудан әкімі Ж.Байсабыров Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні мерекесімен құттықтады.
«Қаламқас» халық ән-би ансамблінің әншілер квинтетінің орындауында Н.Назарбаевтың сөзіне жазылған А.Қоразбаевтың әні «Үш қоңыр» әнін, Е.Ынтықбаевтың әні «Қазақ елі» әнін Жанат Хайсина, Н.Назарбаевтың сөзіне жазылған Б.Тілеуханның «Елім менің» әнін Таңнұр Жақсыбеков, «Қазақтай ел қайда» әнін әншілер триосы, «Қазақтың дәстүрлері- ай» әнін Жайнагүл Тұрсынбаева, А.Қоразбаевтың «Туған жерім тамаша» әнін Дәулет Сағатов, «Тәуелсіздік толғауы» әнін Еркеназ Мәнненова, Қонысбек Байдашев «Туған жер» әнін, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қызметкері және «Шапағат» медалінің иегері Тамара Көзбаева «Тәуелсіз ел» әнін, Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі Еркін Жолжігітов «Жерім менің» әнін, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер, Абай ауданының құрметті азаматы Бақыт Шағатаева Л.Хамидидің «Қазақ вальсі» әнін, Халықаралық фестивалдердің лауреаты Нұрбек Өмірбеков «Қазақ елі-байтағым» әнін, Дәулеткерейдің «Көрөғұлы» күйін Мейрамхан Кәрімбеков, бишілердің орындауындағы «Қосалқа» биі, республикалық конкурстардың лауреаты «Өрнек» балалар ән- би ансамблінің орындауында «Көкке өрле» әні, Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі Космонавт Төлеухан орындап көрерменнің қошеметіне бөленді.
Мемлекеттік рәміздер-еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш ететін нышандар. Бұл рәміздер біздің мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі.
Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу Тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматының қасиетті борышы. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – елді, халықты, тарихты, әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді қастерлеу болып табылады.
Сонымен қатар, аудан әкімі Ж.Байсабыров облыс әкімінің жүлдесі үшін ХХІ -ші халықтық спорт ойындарында жүлделі 3 орын алған Абай ауданы командасының кубогын аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Е.Сағындықовқа табыстады. Сондай-ақ ауданның намысын қорғап мерейін биіктеткен спортшыларды және жаттықтырушыларды құттықтап, Алғыс хатпен марапаттады.

Пікірлер (0)
Құрметті аудан тұрғындары !

Баршаңызды ару көктемнің арайлы мерекесі 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Бүгінде Қазақстан – 100 ден астам ұлттардың татулығы, достығы, ынтымағы жарасқан, өркендеу жолындағы мемлекет. Осынау ежелгі қазақ жерінің тұрақтылық пен жаңарудың, береке мен бірліктің құтты мекеніне айналуы Елбасымыздың көреген де сарабдал саясатының жемісі. Ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылықты одан әрі нығайтуда Қазақстан Халқы Ассамблеясы айтарлықтай жұмыстар атқарып келеді. «Халықтың күші – бірлікте» екендігін ата-бабаларымыздың тәуелсіздік жолындағы сан ғасырлық күресінің тарихымен дәлелденген.
Ауылдарды аббаттандыру, көркейту, көгалдандыру, санитарлық жағдайын жақсарту жұмыстарына барша жұртшылық қатысуда. Жаңа саябақтарға ағаш отырғызылып, гүлзарлар ретке келтірілді. Уақыт тынысына орай көрнекіліктер жаңартылуда. Шағын кәсіпкерлік, әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту салаларында игілікті істер жалғасады.
Баршаңызға көктемнің мерейлі мерекесі көтеріңкі көңіл күй, өрлеу, табыс, игілік әкелсін!
Сіздерге мықты денсаулық, бақ-береке, ырыс-ынтымақ тілеймін!

Пікірлер (0)
Қадірменді жерлестер !

Баршаңызды ізгілік пен имандылықтың, ырыс пен ынтымақтың мерекесі – Наурызбен шын жүректен құттықтаймын!
Іргесі сөгілмес бірліктің берекесі, ырысы төгілмес тірліктің мерекесі, айбыны асқан, ізгілік шашқан тамыры терең өнегелі өркениетіміздің өлшемі – Әз Наурыз шаңырағыңызды ырыздық пен несібеге кенелтсін !
Елімізден тыныштық, бейбітшілік, ырыс-ынтымақ, бақ-дәулет кетпесін. Отанымыз гүлденіп, халқымыз кемелдене берсін.
Әр шаңыраққа ырыс пен молшылық, қызық пен қуаныш әкелсін!
Наурыз құтты болсын, ағайын !

Абай ауданының әкімі Ж.Байсабыров

Пікірлер (0)
Қадірменді жерлестер!

Баршаңызды ізгілік пен имандылықтың, ырыс пен ынтымақтың мерекесі – Наурызбен шын жүректен құттықтаймын.
Биылғы Наурыз мерекесі – халқымыздың сан ғасырғы арманын жүзеге асырып, еліміздің көгінде көк байрағын желбіреткен Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесі қарсаңында келуімен ерекше.
Ұлтымыздың киелі өңірі, әдебиет пен өнердің алтын бесігі, ұлылар елінің жұртшылығы да дәстүрлі Наурыз мерекесін береке-бірлікпен, көтеріңкі көңіл күймен қарсы алып отыр.
Адамдарымыздың ынтымағы жарасқан, рухы асқақ, болашағы жарқын.
Құрметті жерлестер!
Наурыз елімізге тыныштық, алдағы істерге сәттілік, әр шаңыраққа ырыс пен молшылық, қызық пен қуаныш әкелсін!
Наурыз құтты болсын, ағайын !

Пікірлер (0)
Ардақты әжелер, асыл аналар, аяулы арулар!

Сіздерді ару көктемнің лебі, күміс күннің нұрымен арайланған, адамзатқа әлемнің жарығын сыйлаған абзал жандар мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Көктемнің ең әдемі мейрамы арқашанда шексіз мейірім мен игілік нұрын сыйлады. Бұл мерекесі әйелге тән әдемілік пен нәзіктіктің мәңгілік белгісі. Әйел тек отбасының береке-бірлігінің ұйытқысы ғана емес, ол мемлекеттік істерге, саяси мәселелерге белсене араласатын тұлға.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Алтын құрсақ ананың амандығы мен баланың жарқын күлкісі – біздің басты байлығымыз» деп атап көрсеткен болатын.
Ұлы аналарымыз Айпара мен Зеренің зерделілігі, Ұлжан ананың ұлағаты, ару Тоғжан мен ер Баянның нәзіктігі мен ерлігі дарыған Абай елінің ардақты аналары тарихи өңірдің өркендеуіне айтарлықтай үлес қосып келеді. Біздің аналарымыз – жарқын істерді бастаушы, ел бірлігінің ұйытқысы, ырыс пен ынтымақтың алтын діңгегі. Еңбекте, өнерде, білім беруде баршаға үлгі. Кейінгі толқын осынау игі дәстүрді лайықты жалғастыруда.
Қымбатты аналар!
Сіздер өмірді нұрландырып, шаңыраққа шаттықтың шуағын әкелесіздер. Сіздердің қолдауларыңыз баршамызға сенімділік ұялатып, жігер береді. Әйелдің жүрегі – әлемнің тірегі. Осы ерекше қасиеттеріңіз мәңгілік салтанат құрып, елімізге ырыс-құт дарысын. Сіздерге зор денсаулық, баянды бақыт, шуақты мерекеде көтеріңкі көңіл күй тілейміз!

Пікірлер (0)
Есеп беру кездесу

Абай ауданында әкімдердің тұрғындармен есеп беру кездесулері Тоқтамыс, Саржал, Кеңгірбай би және Медеу ауылдарында өтті. ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындармен есеп беру кездесулері өтуде. Абай ауданында қаңтар айының 22–нен басталған кездесулерде аудан әкімі және ауылдық округ әкімдері елде өтіп жатқан реформалардың жүзеге асырылуы мен алдағы уақытқа жоспарланған әлеметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттары турасында халықты ақпараттандыруда. Қаңтар айының 22 күні аудан әкімі Ж.Байсабыровтың, Тоқтамыс а/о әкімі А.Садырбай және Саржал а/о әкімі Т.Қайранбаевтың, 23 қаңтар күні Кеңгірбай би а/о әкімінің м.а. Д.Тұрсынханов және Медеу а/о әкімі Д.Мұқтарұлы ауыл тұрғындарының алдында жыл көлемінде атқарған жұмыстар жөнінде есеп берді.Кездесуге ШҚО әкімінің кеңесшісі Қ.Төлеубеков, аудандық мәслихатының хатшысы Е.Лдибаев, ауданнан мекеме басшылары және ауыл тұрғындары, барлығы 537 адам қатысты.

Пікірлер (0)
Құрметті ағайын!

Сіздерді егемен еліміздің ең ұлы, ең қасиетті мерекесі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мерекенің еліміздің тарихында, халқымыздың тағдырында алатын орны ерекше. Кез келген ұлт үшін Тәуелсіздік пен Теңдік, Азаттық пен Елдік, Береке мен Бірлік – ең қымбат, ең асыл ұғымдар.
Тәуелсіздік деген тәтті сөздің біздер үшін, егемен еліміз үшін қаншалықты маңызы зор екенін айтып жеткізу мүмкін емес. Олай болатыны – еліміздің тәуелсіздігі жолында қаншама ұландарымыз өршіл рух танытып, өшпес із қалдырды. «Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен талай баһадүр батырларымыз елімізді қорғап, егемен ел болуымыз үшін қанын да, жанын да аямады. Сол батыр бабаларымыздың ерлік үрдісін кешегі желтоқсан көтерілісінде жастарымыз жалғастырды.
«Біз үшін ең бастысы – Тәуелсіз Қазақстанның тұтастығы мен тұрақтылығы» деп Елбасы атап көрсеткеніндей, ежелден қалыптасқан берік бірлігімізді, тату тірлігімізді сақтап, жаңа белестерге жете берейік.
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз аман, мемлекеттігіміз мәңгі, береке-бірлігіміз баянды болсын!
Баршаңызға мерекелік көңіл-күй, мықты денсаулық, жанұялық бақыт тілейміз. Тәуелсіздік күні мерекесі құтты болсын!

Абай ауданы әкімі Ж. Байсабыров

Пікірлер (0)