21 қаңтар күні Нұр-Сұлтан қаласында Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев пен Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен қазақтың ұлы ойшылы, ғұлама ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының басталуына арналған салтанатты шара өтті. Шараға Абай елінен баба ұрпақтары бастаған делегация арнайы қатысып қайтты.
Ал бүгін,Абай жылының ашылуына байланысты аудандық деңгейдегі шаралар Қарауыл ауылындағы Абай ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қоюдан басталды.
Шараға аудан ардагерлері, мәдениет пен өнер саласының қызметкерлері, жергілікті зиялы қауым өкілдері, жастар қауымы қатысты. Жиналған жұртшылық Абай шығармаларын орындап, ұлы бабаға арнаған өз өлеңдерін оқыса, «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің өнерпаздары Абай әндерін шырқады.
Абай жылының басталуына орай барлық ауылдардағы мәдениет ошақтарында, білім беру мекемелерінде әдеби кештер мен мәдени шаралар өткізілуде.