Міне, Тәуелсіз еліміздің даму тарихында айтарлықтай із қалдырған 2019 жыл да аяқталуға жақын. Өткен жыл еліміздің әлеуметтік-экономикалық өрлеуі мен, халық тұрмысының жақсаруына жаңа серпін бергені ақиқат. Аудан халқының да тұрмысы ажарлы, өмірлері базарлы болып өз болашақтарына деген сенімдері арта түсті. Ауылдарды көркейту, көгалдандыру, жарықтандыру, жаңа әлеуметтік нысандар салудағы атқарылған істер жұртшылық көңілінен шығуда.
Ауданымыздың негізгі тіршілік көзі мал шаруашылығында мемлекет қамқорлығы арқылы өрлеу, өркендеу бар. Рухани салада тың ізденістер мен жаңа жетістіктер бар. Ұлағатты ұстаздарымыздың, дарынды өнерпаздарымыздың, талапты жастарымыздың, спортшыларымыздың шығармашылық табыстары облысқа, республикаға, әлемге танылды. Олар барлық істерде де ұлылыр елінің ұрпағы деген атқа лайықтылық көрсетіп келеді. Халқымыздың ынтымағы артып, рухы биіктеді. Осы үрдіс жалғаса берсін, ағайын!
Жарқын үміттерге толы Жаңа жылдан әр адам үлкен жақсылық, ізгілік, береке, табыс күтеді. Баршаңызды сайын даланы сағындырып, шаттығын ала келген Жаңа 2020 жылмен шын жүректен құттықтаймыз.
Келер жыл Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың Жарлығымен Ұлы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, «Әлемнің екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Қазақстан Халқы Ассамблеясының және Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығы, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы сияқты айтулы мерекелермен есте қалмақ. Абай елі осынау айтулы тарихи шараларды өткізуде береке-бірлікпен, ынтымағы жарасып еңбек етеді деп сенеміз.
Жаңа жыл елімізге өрлеу, халқымызға игілік әкелсін. Оның әр күні Сіздерді қуаныш пен бақытқа, ырыс пен ынтымаққа бөлесін!
Өмірлеріңіз мәнді, тұрмыстарыңыз сәнді, болашақтарыңыз нұрлы, өздеріңіз ғұмырлы болыңыздар!