Бүгін Абай ауданына Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Сындырлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын насихаттау және Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына дайындық барысымен танысу үшін Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Б.М.Сапарбаев және облыс әкімі Д.К.Ахметов арнайы іс-сапармен келді.
Делегация құрамына Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова, елімізге танымал әдебиет, өнер, білім саласының өкілдері кірді.
Іс-сапар барысында Кеңгірбай би, Қарауыл ауылдарында халықпен кездесу өткізіліп, Президентіміздің Жолдауы, үкіметтік бағдарламалардың орындалуы ақпараттар түсіндіріліп, елді толғандырған сұрақтарға жауап берілді.
Сондай-ақ, «Абай-Шәкәрім» кесенесі орналасқан Жидебай мекенінде келер жылғы Ұлы Абайдың 175 жылдығын мерекелеу шаралары туралы Семей өңірінің, Абай ауданының ақсақалдары, зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізілді.
Кездесу қорытындысы бойынша халықтың ұсыныс-пікірлерін ескере келе нақты тапсырмалар берілді.