Құрметті қауым!
Қымбатты Ауған соғысының ардагерлері!

Бүгінгі 15 ақпан Ауған соғысы ардагерлерi үшiн естен кетпес күн. Өйткені, осыдан 30 жыл бұрын, 1989 жылдың 15 ақпанында әлемді билеуші державалардың саяси текетірес алаңына айналып, соңы он жылға созылған соғысқа ұласқан Ауған жерінен кеңес әскерлері шығарылды.
Елбасы Н.Ә.Назрбаевтың ауған соғысы туралы «Ауған соғысында қыруар қаржы шығындалды, мыңдаған өмір қиылды, бәрібір Кеңес әскеріне бұл елді тастап шығуға тура келді. Халық үшін бұдан асқан қасірет бар ма?»- деген сөзі әркімді сөзсіз ойлантады.
Он жылға созылған жаряланбаған беймәлім бұл соғыс айтып келмес апат болды.
Талай аналар балаларынан айырылып, талай боздақтар алыстағы Ауған даласында қаза тапты.
Ауғанстандағы арпалыс соғысқа 22 мың Қазақстандық жауынгер қатысса, олардың 761-і қаза тауып, 21 хабарсыз кеткен.
Бір қиырдағы Абай елінен сол қырғын соғысқа Кеңес Армиясы қатарында азаматтық борышын өтеуге шақырылған 32 азамат қатысса, оның ішінде Нұғымаров Қуаныш, Бұлақбаев Төлеген, Нұрғалиев Мейрам сынды жас қырандар қыршын жасында соғыстың құрбаны болды.
Қалған Абайлық азаматтар елге аман есен оралып, жанұя құрып, ел үшін еңбек етті.
Бүгінгі күнге жете алмай, соғыс салған жарадан айыға алмай өмірден ерте өткен Иембердин Айтуған, Темірханов Мағауия, Нұрғалиев Амангелді, Мұқышев Айнұр сынды Ауған соғысының ардагерлерінің есімін де бүгінгі күні зор құрметпен еске аламыз.
Осынау ерлікке толы Күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек.
Жыл сайын мәңгілік алау басына келіп, қарулас достарына, майдандас бауырларына тағзым жасайтын ардагерлеріміздің қатары сиреп бара жатқаны өкінішті. Майданда да, бейбіт еңбекте де өмірі ұрпаққа өнеге болған, бүгінгі ортамызда жүрген Ауған соғысы ардагерлердің өмірі – бүгінгі ұрпақ үшін өшпейтін өнеге.
Аудан жастары арасында әскери-патриоттық тәрбие беру мен Отанға адал қызмет етуде үлгі болған Ауған соғысына қатысқан интернационалист-жауынгерлерге, батылдықтың үлгісі болған жерлестерімізге үлкен ризашылық білдіреміз.
Ардақты әлеумет, қадірменді ағайын! Аспанымыз ашық, заманымыз бейбіт болсын!
Ата-бабаларымыз жанқиярлық ерлікпен қорғаған ата-мекенімізді адал еңбекпен көркейте берейік!
Ардагер жерлестерімізге зор денсаулық, отбасылық бақыт, еңбекте табыс, ұрпақ қызығын көріп, қуаныш-қызықтарыңыз әрдайым мол болсын деймін! Сіздерді Ауған жерінен Кеңес әскерлері шығарылуының 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын.