Қоғамдық кеңесте аудан әкімі есеп берді
Қаңтар айының 30 күні аудандық әкімдікте қоғамдық кеңес отырысы өтті. Күн тәртібіне қойылған мәселелер қаралып, 2018 жылға қорытынды жасалды.
Басқосуды аудандық коғамдық кеңестің төрағасы Төлеубек Аманғазин ашып беріп, сөз тізгінін бірінші кезекте аудан әкімі Жарқынбек Байсабыровқа ұсынды.
Аудан әкімі бұл уақытқа дейін барлық ауылдық округтерде, сондай-ақ, аудан орталығында қорытынды есебін берген болатын. Бүгінгі отырыста қоғамдық кеңес мүшелері алдында аудан әкімі есептік баяндамасын қайталап оқудан гөрі, нақты жұмыстарын басшылықққа ала отырып, өткен жылға қорытынды жасап, келер жылы жоспарланған шаралар жайын талқылады. Баспасөз бетіне жарияланған аудан әкімінің жылдық баяндамасы негізінде сауалдарын жолдаған кеңес мүшелері тиісті жауаптарын да алып жатты.
Есеп соңында қоғамдық кеңес мүшелері аудан әкімінің жұмысына оң бағасын беріп, мемлекеттік қызметтегі ісіне сәттілік тіледі.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша Қарауыл ауылдық округ әкімі М.Смағұловтың өткен жылға толығымен игерілген бюджет шешімдері қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында күші жойылды.
Келесіде сөз алған Абай аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Р.Ахметова өткен жылға қорытынды жасап, есептік баяндамасын ортаға ұсынды. Бүгінде атауы жиі өзгеретін қоғамдық денсаулық сақтау мекемесі бойынша атқарылған жұмыстар айтарлықтай екен.
Десе де нақты қадағалаудың нәтижесінде талапқа сай емес жұмыстар жиі көрініс табатындығын жасырмаған Роза Ахметова өз сөзінде әсіресе мектеп, бала бақша мекемелерінің асханаларындағы балаларға берілетін тағамдардың сапасы талапқа сай еместігін жеткізді. Өз кезектерінде кеңес мүшелері дүкен сөрелерінен мерзімі өткен, бұзылған өнімдер де байқалып жататындықтарын айтып ой бөлісті. Кеңес мүшелері алдында жылдық жұмысына қорытынды жасаған мекеме басшысы атқарылған жұмыстарына осылайша кеңінен тоқталды. Қоғамдық кеңес мүшелері тиісті сауалдарын жолдап, жиын соңында Абай аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Р.Ахметованың тыңғылықты ісіне қанағаттанарлық деген баға берді.