ЖАРҚЫНБЕК БОРАШҰЛЫ:

АБАЙ ЕЛІНЕ КЕЛІП ТӘЖІРИБЕ ЖИНАДЫМ, ШЫҢДАЛДЫМ.

Шыңғыстау шығыстан батысқа қарай шөккен түйедей көлбей түсіп, екі жүз шақырымға созылып жатыр. Бір жағы Ақшатау сілемдері арқылы атақты Тарбағатай тауларымен, бір жағы Абыралы тауларымен астасып, Дегелең, Мыржыққа құлап, тамырын тереңге жайған іргесі ырысты, топырағы құтты ел. Ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы мүжілген Шыңғыстау атырабындағы Абай елі – бүгінде түтінін түзу ұшырып, мыңғыртып мал өсіріп, ел несібесін, халық ырыздығын арттырып, ақ түтек боран мен ақырған аязға, аптап ыстық пен күздің қара суығына қарамай, тамшылата тер төгіп, сол еңбектерінің жемісін теріп отырған аудан.
Уақыт жылдам. Міне, тағы да бір жылдың табалдырығынан аттап отырмыз. Жаңа 2019 жылға зор үмітпен қараймыз. Өткен 2018 жыл Абай ауданы үшін табысты да берекелі жылдардың бірі болды. Өткен жылға абайлықтардың өкпесі жоқ, 2019 жылдан күтері көп. Қат-қабат қарбалас шаруалармен ат үстінде бел шешпей жүрген аудан әкімі Жарқынбек Байсабыровпен жаңа жылдың алғашқы күндерінің бірінде сұхбаттасудың сәті түскен еді .

– Жарқынбек Борашұлы, Сіздің қасиетті Абай еліне әкім болып тағайындалып, қазақтың небір даналарын дүниеге әкелген текті топыраққа басшылық жасағаныңызға да бір жылдан артық уақыт өтіпті. Абай елі қандай ел екен? Елмен етене араласып, жердің жай-күйімен тереңірек танысқан осы уақытта қандай ой түйдіңіз? Өмірдің әр сәті мектеп десек, Абай елінде өзіңізге сабақ боларлықтай сәттер кездесті ме екен?

– «Абай елі – ақындар мен батырлар елі» деп бекерден-бекер айтылмаған. Қазақтың үш алыбы – Абай, Шәкәрім, Мұхтар туған елде әкім болу – зор жауапкершілік. Президентіміз Н.Назарбаевтың Абай рухына тәу етуі, Елбасымызға от ауызды, орақ тілді ақын Шәкір Әбеновтің тұңғыш бата беруі Абай елінің мәртебесі мен абыройын көрсетеді. «Нені де болса елмен бірге көтеремін, елмен бірге төземін, елмен бірге жеңемін» деген Елбасымыздың асыл сөзі Абай елінде алдымнан шықты. Абайлықтардың қасиеті мен елдігі, азаматтардың қарапайымдылығы мен шешендігі бірден көңіліме қонды. Арада бір жыл өте шықты. Өткен жылға өзімнің де, абайлықтардың да өкпесі жоқ. Тәжірибе жинадым. Шыңдалдым. Елімнің іргетасы ырысты, босағасы құтты болды. Еңбегіміз жанып, 2019 жылдың табалдырығын көтеріңкі көңіл-күймен аттадық. Бұл жай құрғақ сөз емес. Мал өсіріп, бейнеттің зейнетін көріп отырған абайлықтар қазақтың бас ақынының ұрпақтары екендігін мақтан тұтады.
Ұлттық мүдде мен «Рухани жаңғыру» аясынан қараған кезде Абай елінің руханият меккесі екендігі көзге бірден түседі. Бұл елге ақынның ұрпақтары деп бас иеді. Осы үрдістің сақталуына аудан әкімі ретінде мен де жауаптымын. Елбасымыздың «Абай – қазақ халқының рухани көсемі» деген сөзі қашанда менің жүрегімде тұрады. Президентіміз осындай жоғары баға беріп, сара жолды көрсетіп отырған шақта Абай елінің екінші тынысы ашылды. Ел жаңғырды, рух оянды, халықтың әл-ауқаты артты. Ұлттық ұранымызға айналды. Президенттің Жолдаулары мен облыс әкімінің тапсырмаларын орындау, халықты бір мақсат, бір мүддеге жұмылдыру – басты мақсатым. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Қашанда халықпен біргеміз.

– Жарқынбек Борашұлы, Елбасымыз Н.Назарбаев рухани жаңғыруды ұлт болашағының негізі деп ерекше назарда ұстап отыр. Абай елінде Президент тапсырмалары қалай орындалуда? Ауданның 2018 жылы қол жеткізген табыстары мен игілікті істерін түйіндеп, тарқатып берсеңіз…

– Әрбір істің, меже мен жоспардың, ой мен арманның кілті болады. Меніңше, ол кілт Елбасымыз Н.Назарбаевтың көрегендік қасиеттері мен сарабдал саясатында жатыр. Еліміз тыныш, іргеміз берік. «Қуана білгенге қуат қонады, бағалай білгенге бақ қонады» дегеніміз де осы.
Президентіміздің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» және «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауларын басшылыққа алған Абай ауданының халқы 2018 жылды табысты аяқтады. Жыл ерекше жыл болды. Халықтың рухы өсті. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарды. Халық Абай, Шәкәрім әлемдеріне терең бойлады. Нәр алды, қуаттанды.
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы – Тәуелсіз еліміздің дамуының жарқын үлгісі мен болашаққа бағдар беретін нақты қадамдарын белгілеген салмақты ой, салиқалы пікірге негізделген маңызды құжат. Аталған мақала сананы жаңғырту, болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, осы құндылықтарды әлемдік жетістіктермен үйлестіріп, еліміздің игілігіне жарату жолындағы үлкен мақсаттарды межелеп отыр. Ал бұл орайда қазақтың Бас ақынының еліне жүктелер жауапкершілік ерекше деп есептеймін. Аталған бағдарламалық мақаланы басшылыққа алған Абай ауданы әкімдігі мен Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті бірлесіп «Абай елі – руханият меккесі» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырды. Шәкәрім Құдайбердіұлының 160, Абай елінің 90, Астанамыздың 20 жылдығын тұтас қамтыған мерекелік шаралар да осы тақырыпта өтті. Барша қазақ баласы үшін баға жетпес құндылығымыздың бірі және бірегейі Ұлы ақынның елінде осындай іс-шараларды ұйымдастырудың мақсаты – барымызды, рухани құндылықтарымызды бағалай білуге атсалысу. Осы сияқты іс-шаралар халықтың бірлігін сақтауға, ұрпақтар үндестігін нығайтуға қызмет етеді деп ойлаймын. Бүгінгідей экономикалық тұрғыдан құбылмалы заманда әрбір азаматтың бәсекеге қабілеттілігіне және жұмылуына міндетті түрде қол жеткізуге үлес қосады деген сенімдемін. Әрине, Тәуелсіздігін алған ширек ғасырдан астам уақытта еліміз бағдарын түзеп, бағытын айқындап, тұғырын тұрақты етіп, тамырын тереңге жая түсті. Осы жетістіктерге үлес қосу – әр өңір тұрғындарының борышы.
«Тарихы – дастан, елім бар мерейі асқан» тақырыбымен өткен аудан көркемөнерпаздарының өнер байқауына 9 ауылдық округ пен 4 мекемеден 1500-ден астам өнерпаз қатысты. Абай еліндегі өнерімен танымал «Қаламқас» халық ансамблі Семей, Курчатов қалаларында есептік концерт берді. Жидебайдағы Абай – Шәкәрім кесенесі мен Тоқтамыс ауылындағы Қоңыр әулие үңгірі республикамыздағы 100 киелі елді мекеннің тізіміне енді. «Қарты бар ел – қазынасы бар ел» деген қағиданы басшылыққа алып, мүмкіндігімше ел тағдырына, жер жағдайына қатысты мәселелерде ардагер ағаларымызбен ақылдасып отырғанды дұрыс санаймын. Абай елінің әр қариясы нағыз шежіренің көзі деп айтуға болатын шығар. Қарттарымызбен бас қосып, жүздесіп тұру мақсатында ауданда Ардагерлер орталығы ашылып, жергілікті бюджеттен қаражат жоспарланды.
Аудан орталығы Қарауыл ауылы қайта түледі. Абай алаңы ашылып, Ұлы ақынның еңселі ескерткіші қоладан құйылды. Шәкәрім алаңы қалыпқа келтірілді. Абай ескерткішінің ашылу салтанатына облыс әкімі Даниал Ахметов, қоғам қайраткерлері мен ақын-жазушылар келді. Ауданда атқарылған игі істерге оң бағасын берді. Орталық алаң жергілікті бюджеттен қаржыландырылып, жаңартылды, Абай алаңы ашылды. Осы жерде айта кеткен орынды болар, Абай ескерткішінің қаржысының үлкен көлемін аудан халқы көтеріп алды. Бұл да киелі топырақ тұрғындарының тектілігінің белгісі деп есептеймін. Мәдениет және өнерді дамытуды қолдауға бағытталған «Парыз» қорына 25 млн-нан астам қаражат түсті. Оның 15 млн. теңгесі Абай ескерткішіне, қалған ақша тойды өткізу шараларына жұмсалды.
Абай ескерткіші мен заманауи жүзу бассейнінің лентасын Даниал Кенжетайұлы мен той қонақтары қиды. Аудан орталығында жаңа субұрқақ іске қосылды. Бізді Абай ауданының топырағында дүниеге келген перзенттерінің де игілікті істерден шет қалмайтыны қуантады. Мысалы, «Туған жер» акциясы аясында ауданда 72 млн. 290 мың теңгенің 22 жобасы іске асырылды. Атап айтқанда, қазақ күресінен екі дүркін әлем чемпионы Айбек Нұғымаровтың демеушілігімен Құндызды ауылында жаңа спорт кешені салынды. Ауданда бұқаралық спортпен 4480 адам айналысады. Бұл жалпы халық санының 30,7 пайызын құрайды. Спорт модулі, «Шыңғыстау» спорт кешені, 11 спорт залы, 12 шағын футбол алаңы, 11 хоккей корты халықтың игілігінде. Аудан спортшылары екі жыл қатарынан Шығыс Қазақстан облысы әкімінің жүлдесі үшін өткен халықтық спорт ойындарында жүлделі үшінші орыннан түспей келеді. 1 аудандық, 3 ауылдық мәдениет үйі, 4 ауылдық клуб, 4 халық театры, 2 халық ән-би ансамблі жұмыс жасайды. Бұл салада 118 адам еңбек етеді. Өткен жылы 780 мәдени-көпшілік іс-шара өтті. Бұл шаралардың басым көпшілігі рухани жаңғыру, ұлтымыздың озық үлгісін ұрпақ санасына сіңіру сияқты өміршең мақсаттарға негізделгенін айта кеткен жөн болар.
Жерлесіміз, ақын Тыныштықбек Әбдікәкімов ҚР Президентінің Жарлығымен әдебиет және өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Жақында ақынға туған жерінде құрмет көрсетіліп, Абай ауданының Құрметті азаматы атағы берілді.
Ауданда 11 мектеп бар. ҰБТ бойынша ауданның білім сапасының орташа көрсеткіші 97,8 балл. 2016-2017 оқу жылымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 15,9 балға артық. Аудан бойынша оқушылар 100 пайыз ыстық тамақпен қамтылған. Медицина саласында 1 орталық аурухана, 1 кеңес-диагностикалық емхана, алғашқы санитарлық медициналық көмек көрсету орталығы, 7 дәрігерлік амбулатория, 2 медициналық пункт бар. «Абай елі» атты Абай елінің жаңа әні дүниеге келді. Сөзін белгілі ақын Жұлдызай Ысқақ жазса, әні ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, әнші жерлесіміз Гүлмира Саринанікі. Абай елінде тұсауы кесілген ән Гүлмира Саринаның орындауында республикамызға кеңінен тарап отыр.
Абай орталық алаңы тұтастай өзгерді. Тәуелсіздігіміздің символы, салт-дәстүріміздің қайнар көзі ұлттық шаңырақ пішініндегі сахна бой көтерді. Шаңырақтың керегесі мен уығы алтын реңге боялып, еңсесі биіктеп, елдің елдігін, ырысы мен береке-бірлігін паш етіп тұр. Қазір аудандағы мерекелік, салтанатты шаралар осы шаңырақ – сахнаның аясында өтеді.
Шәкәрім толғаныстары мен Абайдың қара сөздері жүрегіме тым жақын. Шәкәрім Құдайбердіұлының атына Өскемен қаласынан бір көшенің берілуін біздің аудан халқы үлкен қуанышпен қабылдады. Облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының тікелей қолдауымен «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында ұлылар мекеніне баратын жолға 2 млрд. 487 млн. теңге бөлініп, 128,8 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл – облыс әкімінің Абай еліне деген құрметінің айғағы.

– Жарқынбек Борашұлы, Абай ауданы – ежелден ата кәсіпті жалғастырып, төрт түлікті өсіріп, нәсібін содан тауып отырған өңір. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қозғаушы күші де осы сала. Өткен жыл несімен есте қалды? Ауыл шаруашылығын алға бастырудың тың, жаңа жолдары бар ма? Бар болса, ол қалай жүзеге асуда?

– Ауылдағы ағайындардың да бүгінгі таңда кәсібін ашып, шаруашылығын дамытуға белсене кіріскенін байқаймыз. Абай ауданы халқының негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Бұл орайда жақсы көрсеткіште жоқ емес. 2018 жылы ауданда ауылшаруашылық өнімдерінінің жалпы шығарылымы 22158 млн. теңге, индексі 106 пайызды құрады. 601 шаруа қожалығы, 3441 жекеменшік қосалқы шаруашылықтар жұмыс істеді. Қолда 156335 бас қой-ешкі, 62135 МІҚ, 40918 бас жылқы, 162 түйе бар. Жылқы саны 114,2, ірі қара 119,2 пайызға көбейсе, қой-ешкінің өсімі 103,1 пайыз. Асыл тұқымды шаруашылықтардың саны 21. 14 шаруашылық қой тұқымын, 6 шаруашылық МІҚ, 1 шаруашылық жылқы тұқымын асылдандыру жұмысымен айналысуда. 155 шаруа қожалығы 1079 бас ет бағытындағы қазақтың ақбас асыл тұқымды малын сатып әкеліп, қолда күтуде. Мүйізді ірі қара малының тұқымдық түрлендіру бағдарламасына 15 мың аналық қатысып, аудан бойынша 52 пайызды қамтыды. Мүйізді ірі қара малының генетикалық әлеуетін арттыру мақсатында 63 шаруа қожалығы 128 бас ет бағытындағы қазақтың ақ басты асыл тұқымды бұқаларын және 591 бас асыл тұқымды тайыншалар сатып әкелді. Барлығы 719 бас. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 256,1 млн. теңге несие қаражатына жоспардағы 400 бастың орнына 407 бас аналық Ресейден сатылып алынды.
Соңғы жылдары қой малының басы азайып кеткендігі еліміздегі үлкен проблемалардың біріне айналды. «Сыбаға» бағдарламасы аясында қой сатып алуға 22 млн. теңге несие қаражатына 2 шаруашылықтан өтінім түсіп, 1 шаруашылық 10 млн. теңгеге 400 шопан ата түлігі сатылып алынды. 1 өтінім құжаттары қарастырылуда. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы «Игілік» бағдарламасы бойынша 29 өтінім қабылданып, 105 млн. теңге несие қаражаты игерілді. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 27 шаруа қожалығының 37 қыстағына 440 млн. 566 мың теңгенің электр желісі тартылды. Облыс әкімінің қолдауымен Қоңыр әулие үңгірі мен 7 шаруа қожалығына Тоқтамыс ауылдық округінен ұзындығы 28 шақырым электр желісін тартуға 48 млн. теңге қаржы бөлінді. Жобаның жалпы құны 150 млн. теңге. Қоңыр әулие үңгірінің басында 20 адамдық қонақ үйінің құрылысы басталды. Бұл істі жергілікті кәсіпкер Ораз Ақанұлы қолға алуда. Тау-кен өнеркәсібі саласында мыс өндіретін «БАСТ» АҚ жұмыс істейді. Кәсіпорында 160 адам жұмыспен қамтылған. Қой жүнінің алғашқы өңдеу жұмысын «Айым-Тасболат» кәсіпорны атқаруда. Өткен жылы 130 тонна жүн қабылданып, жуылып, 65 тонна таза өнім алынды. Мұнда 15 адам жұмыс істейді. Өндірістің қуаттылығы – тәулігіне 1 тонна. Жылдық қабылдау көлемі шексіз.
Ауданда мал шаруашылығын жаңаша жүргізу, мал бордақылау, сүт өндіру, мал сою цехтарын жаңа технологиялар бойынша жүргізу жүзеге асырылуда. Ауданда сүт сауу жұмысы бүгінгі күнге дейін ақсап келген-ді. Осы жұмысты кәсіпкер Қуат Өзбеханов қолға алып, Медеу ауылында «Айбар» тауарлы сүт сауу кешені мен жылқы бордақылау алаңын ашты. Мұнда 60 бас сиыр тұр. Биылғы оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап мектеп оқушылары өз өніміміз – табиғи сүт іше бастады және оқушыларға қосымша бал берілуде. Құндызды ауылында мүйізді ірі қара, жылқы бордақылайтын механикаландырылған Мырза батыр атындағы кешен қалыпты жұмыс жасауда. Иесі – кәсіпкер Махмут Мағауин деген азамат. Қоңыр әулие басында Ораз Ақанұлы «Хан» шаруашылығын құрып, жылқы, ірі қара малдарын бір орында бордақылап отыр. Мал шаруашылығын дамытуда ерекше рөл атқаратын жаңа, тың істерге қолдау көрсету – басты міндет. 2019 жылы барлық ауылдық округ әкімдері мал шаруашылығын өркендетудің жаңа тәсілдеріне көшіп, озық технологияларды өмір жүзіне асыруды қолға алмақ.

– Жарқынбек Борашұлы, қазақта «Ескі айда есірке, жаңа айда жарлықа» деген тәмсіл бар. Жаңа 2019 жыл Абай еліне не бермек? Алдағы жылға жоспарларыңыз қандай ?

– Бір ой ұйықтатпайды, бір ой ұстатпайды. Табалдырығымыздан аттап, төрімізге озған жаңа жылға артар үмітіміз көп. Біріншісі – мал шаруашылығын өркендетіп, оның өнімділігін арттыруда жаңа технологияларды қолдана отырып, жыл бойы қалыпты жұмыс жасау. Өйткені ауданның негізгі табыс көзі – мал шаруашылығы. Екіншісі – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы мәдени-көпшілік жұмыстардың сапасын көтеру. Мұның ішінде спорт та, білім де, медицина да, әлеуметтік сала да, мәдениет те бар.
Облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының қолдауымен Кеңгірбай би ауылында 100 орындық клуб үйінің құрылысы қолға алынды. Құрылысты 2019 жылдың қыркүйек айында аяқтау міндеті тұр. Қарауыл ауылында 300 орындық мектептің құрылысына жобалық-сметалық құжаттар жасалып, мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Қарауыл ауылына су құбырын жаңалау жұмысы да күн тәртібінде тұр. Қазір бұл істің жобалық-сметалық құжаттары әзірлену үстінде. Қоңыр әулие үңгірінің басында жаңа қонақ үйінің іргетасы құйылды. Мұның сыртында екі үлкен жатақхана, ас үй туристерге қызмет көрсетеді. Биыл ЮНЕСКО көлемінде белгілі сахна шебері Әмина Өмірзақованың 100 жылдық торқалы тойы аталып өтетін болса, Алаштан ән оздырған белгілі әнші Жәнібек Кәрменовтің туғанына 70 жыл толады. 2020 жылы ұлы Абайдың 175 жылдық тойы аталып өтпек. Оған дайындық жұмыстарын осы бастан қолға алу қажет. Аудан халқы тарихта өзіндік орны бар Тоқтамыс батырға ескерткіш қою жұмысын қолға алуда. Қазір осы мақсатта «Парыз» қоғамдық қоры жұмыс істеуде. Тас түскен жеріне ауыр. Осы мәдени шараларды өткізуге дайындық жұмыстары басталып кетті.

– Жарқынбек Борашұлы, жаңа 2019 жыл Абай елінің тайқазанын тасытып, береке-бірлікке бастасын! Еліңіз аман, жұртыңыз тыныш болсын!

– Рақмет! Жаңа жыл Алаш арыстарының ізі қалған, жүз жылдық тарихы бар «Семей таңы» газетінің ұжымына да шалқар шабыт әкелсін!

Сұхбатты жүргізген Совет МАХМЕТОВ,
«Семей таңы» газетінің Абай ауданындағы меншікті тілшісі,
КСРО және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.