Айбек Нұғымаров екі дүркін «Әлем барысы» атанды.
Алматыда аяқталған жаһандық доданың шешуші белдесуінде жерлесіміз тағы бір қазақстандық балуан Ерсұлтан Мұзафаровты жеңді.
Аталмыш жекпе-жек төрт минутқа созылғанын айта кету керек. Алғашқы минутта Айбек ескерту алып, Ерсұлтанның еншісіне бір ұпай жазылды. Көп ұзамай Мұзафаров нәтижелі әдіс жасап, ұпайын еселей түсті. Дәл осыдан кейін боз кілемдегі қимылдарын ширатқан Айбек есепті теңестіріп қана қоймай, алға шығып кетті. Ал төртінші минут басталған тұста Нұғымаров Мұзафаровқа қарсы әдіс қолданып, кездесуді өз пайдасына аяқтады.
Айта кетейік, қазақ күресінен Әлемнің төрт дүркін чемпионы деген атағы бар жерлесіміз биылғы жарыста барлығы бес белдесу өткізді. Алдымен камерундық Дидон Долассемді сенімді ұтқан Нұғымаров артынша литвалық Эрик Бизуновичті де еш қиындықсыз тізе бүктірді. Ширек финалда өзбек балуаны Мухсин Хисомиддиновтан басым түскен жерлесіміз жартылай финалда дзюдодан соңғы Әлем чемпионатының жеңімпазы, гүржістандық Гурам Тушишвилидің жамбасын жерге тигізді. Естеріңізде болса, былтыр Астанада өткен «Әлем барысы-2017» додасының финалында да дәл осы екі балуан кездесіп, онда да Айбек Нұғымаровтың мерейі үстем болған-ды.
Ал биылғы жарыстың финалында тағы бір азулы қарсылас Ерсұлтан Мұзафаровты жеңген Нұғымаров осылайша екінші жыл қатарынан «Әлем барысы» атағына қол жеткізді. Осы ретте, Айбекке жарысты ұйымдастырушылар атынан 10 миллион теңгенің сертификаты қоса берілгенін де айта кеткен жөн.
Турнир қорытындыларына қысқаша тоқталсақ, «Әлем барысы-2018» жарысында екінші орынға түркістандық Ерсұлтан Мұзафаров ие болса, үздік үштікті ресейлік Роман Бобиков түйіндеді. Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен байрақты бәсекеге әлемнің түкпір-түкпірінен келген 33 балуан қатысты. Додада еліміздің намысын бес спортшы қорғағанын айта кеткен абзал.